«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары (бұдан әрі – Мемлекеттік гранттар беру қағидалары) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленді және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар берудің шарттары мен тетігін айқындайды.
2. Мемлекеттік гранттар беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 968 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) «Экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін салалық қолдау» екінші бағыты шеңберінде жүзеге асырылады.
3. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар Бағдарламаға 2-қосымша сәйкес экономиканың басым секторларында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өтеусіз негізде беріледі.
4. Мемлекеттік гранттарды мемлекет Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі арқылы мемлекеттік гранттар беруге шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша береді. Бұл ретте мемлекеттік грантты алуға арналған конкурсқа қатысу үшін Бағдарлама шеңберінде оқыту құрамдауыштары сертификатының болуы міндетті талап болып табылады.
5. Гранттар нысанында қолдау шараларын қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мемлекеттік гранттарды беру мақсатында уәкілетті орган республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне аударады.
6. Бағдарламаны іске асыру мақсатында бөлінетін қаражаттың кемінде 20 %-ы халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беруге бағытталады.
7. Қаржы агенттігінің көрсетілетін қызметтеріне уәкілетті орган республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлейді.
2-тарау. Терминдер мен анықтамалар
8. Осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларында мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
2) халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары – «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабында айқындалған азаматтардың санаттары;
3) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – облыс (астана, республикалық маңызы бар қалалар) деңгейінде Бағдарламаны іске асыруға жауапты, облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) әкімі айқындайтын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;
4) бизнес-жоба – кәсіпкердің жоспары, ол өз бизнесіңді құру (тауарлар шығару, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) мүмкіндігін ашады, сипаттамалар, есептемелер, болжамдар нысанында орындалады, сондай-ақ ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 %-ы деңгейінде кәсіпкердің өз қаражатынан (ақшалай қаражатынан, бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы/жылжымайтын мүлкінен) қоса қаржыландыруды және жаңа жұмыс орындарын құруды, жобаны іске асырудың мерзімдерін қамтиды;
5) жаңа бизнес-идея – осындай жобаларды іске асыру кезінде бұрын қолданылмаған материалдарды, технологиялар мен әдістерді қолдана отырып тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама (конкурс өткізу кезінде нақты елді мекенде немесе ауылдық округте іске асырылмайтын тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін жобалар да жаңа бизнес-идеяларға жатады);
6) кәсіпкер – шағын кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер, ісін жаңа бастаған кәсіпкер;
7) кешендi кәсiпкерлiк лицензия (франчайзинг) – айрықша құқықтар кешенiнiң құқық иеленушiсi осы кешендi басқа тұлғаға өтеулi негiзде пайдалануға беретiн кәсiпкерлiк қызмет;
8) конкурстық комиссия – жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, салалық сарапшылардың, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен құрылатын, құрамында кемінде 10 (он) адам бар алқалық-кеңесші орган (жергілікті атқарушы органдардың өкілі Конкурстық комиссияның төрағасы бола алмайды);
9) қаржы агенттігі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы;
10) өтінім – осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының талаптарына сәйкес қажетті құжаттармен қоса берілетін өтініш;
11) уәкілетті орган – кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган;
12) шарт – кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі, қаржы агенттігі және шағын кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалатын үшжақты жазбаша келісім, оның талаптары бойынша кәсіпкерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға нысаналы грант беріледі;
13) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне мемлекеттік грант алу үшін жүгінген кезде дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген мерзіміне 3 (үш) жыл толмаған кәсіпкер (жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкердің ағымдағы қызметінен өзгеше жаңа қызмет түрін құру шартымен ісін жаңа бастаған кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен үлестес болуына жол беріледі);
14) ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер – Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне мемлекеттік грант алу үшін жүгінген кезде дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген мерзіміне үш жыл толмаған, жасы 29-ға (қоса алғанда) дейінгі кәсіпкер (ісін жаңа бастаған дара кәсіпкердің жасы оның Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне өтініш жасаған күнге айқындалады, жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкердің ағымдағы қызметінен өзгеше жаңа қызмет түрін құру шартымен ісін жаңа бастаған жас кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлермен үлестес болуына жол беріледі);
15) электрондық өтінім – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттік қолдау алуға өтінім;
16) электрондық құжаттар топтамасы – мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушы өзі қатысқан кезде берген жазбаша келісімі негізінде өтініш берушінің немесе осы құжатты куәландыруға өкілеттілігі бар тұлғаның не кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының уәкілетті қызметкерінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, төлнұсқа құжаттың түрін және мәліметтерін (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толық көрсететін құжаттар.
3-тарау. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға
мемлекеттік гранттар берудің тәртібі мен шарттары
9. Өз қызметін Бағдарлама шеңберінде жүзеге асыратын, осы конкурстық іріктеуге құжаттарын Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының 20-тармағына сәйкес толық көлемде ұсынған кәсіпкерлер гранттар беруге арналған конкурстық іріктеуге қатысушы бола алады.
10. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер бір бизнес-жоба бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру мақсатындағы конкурстық іріктеуге қатысушы бола алады.
Мыналар:
1)берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 %-ы мөлшерінде оны іске асыруға арналған шығыстарды кәсіпкердің, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлікпен (талап халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін міндетті емес) бірлесе қаржыландыруы (ақшалай қаражатпен);
2) жаңа жұмыс орындарын құру;
3) кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және/немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары болып табылады.
11. Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдаланады:
1) тауарларды шығаруға немесе қызметтерді көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалды сатып алу;
2) материалдық емес активтерді сатып алу;
3) технологияларды сатып алу;
4) кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алу;
5) зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар.
Кәсіпкердің бизнес-жобаны іске асыру мерзімі шартқа қол қойған кезден бастап 18 (он сегіз) айдан аспауға тиіс.
12. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын:
1) жылжымайтын мүлікті және/немесе жер учаскесін сатып алуға;
2) жалдау ақысы ретінде;
3) үлестес/байланысқан компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға (көрсетілетін қызметтерді алуға/жұмыстарды орындауға);
4) бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға пайдалануға болмайды.
Кәсіпкердің жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын игеруі жеке тұлғадан автокөлікті сатып алу жағдайларын қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагент шотына қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы жүзеге асырылады.
13. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 (екі) млн. теңгеден 5 (бес) млн. теңгеге дейін құрайды.
14. Мынадай:
1) қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы, сондай-ақ қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған;
2) салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар;
3) қызметінің негізгі түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып табылатын;
4) мемлекеттік грантты алуға өтінім берген кезде берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 %-ы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландыруды (ақшалай қаражатпен, бизнес-жобаға қатыстырылған жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) растамаған (халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарын қоспағанда) кәсіпкерлерге гранттар берілмейді.
15. Конкурс өткізу үшін Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі басшысының шешімімен гранттың берілуіне үміткер кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу жөнінде конкурстық комиссия құрылады және оның құрамы бекітіледі. Конкурстық комиссия қызметінің негізгі қағидаттары кәсіпкерлер үшін тең жағдайлар жасау, сондай-ақ оларға қойылатын талаптардың бірізділігі, ұсынылатын құжаттарды зерттеудің жан-жақтылығы мен толықтығы, қабылданатын шешімдердің объективтілігі болып табылады.
16. Конкурстық комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және конкурстық комиссия мүшелерінен тұрады. Конкурстық комиссияның құрамы атқарушы билік, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, салалық сарапшылардың, ғылыми-білім беру мекемелерінің, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының міндетті қатысуы арқылы қалыптастырылады.
Жергілікті атқарушы органдар мен қаржы агенттігінің өкілдері конкурстық комиссияға төраға бола алмайды.
Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссия отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, атап айтқанда, төрағамен келісу бойынша отырыстардың өткізілетін орнын, күнін және уақытын айқындайды, конкурстық комиссия мүшелерін алдағы отырыс туралы хабардар етеді, отырысты өткізу үшін қажетті материалдарды оның мүшелерінің назарына жеткізеді.
Конкурстық комиссияның хатшысы оның құрамына кірмейді және шешім қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы болмайды.
Конкурстық комиссияның отырысына конкурстық комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
Конкурстық комиссияның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып табылады.
17. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі конкурстық комиссияның жұмыс органы болып табылды, ол:
1) облыстық өңірлік апталық баспа басылымында осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес бизнес-идеяларды қаржыландыруға арналған мемлекеттік гранттар беру мақсатында кәсіпкерлерді іріктеуге конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру жариялауды жүзеге асырады;
2) Бағдарлама іске асырылатын бүкіл мерзімде кәсіпкерлерге грант түрінде мемлекеттік қолдау көрсету барысын өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етуді мерзімдік негізде қамтамасыз етеді;
3) кәсіпкерлерге конкурсқа қатысу мәселелері және оны өткізуге қатысты бар мәселелер бойынша, гранттар берудің шарттары мен тәртібі туралы консультация береді;
4) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес кәсіпкерлерден конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттарды қабылдайды;
5) конкурсты ұйымдастырады және өткізеді;
6) кәсіпкерлерді грант беру немесе оны беруде бас тарту туралы хабардар етеді.
18. Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мекенжай бойынша жеке өзі, пошта арқылы немесе өзінің өкілетті өкілі арқылы бекітілген нысан бойынша конкурстық өтінімді береді, оған басшы не оны алмастыратын адам қол қояды және кәсіпкердің мөрімен (болған жағдайда) бекітіледі. Бұл ретте конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер бір өтінім ғана береді.
19. Өтінімдерді қабылдау мерзімі мен орны конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.
20. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткер кәсіпкерлер Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінім, ол Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісінің веб-порталына орналастырылады;
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі/жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарлама;
4) жүгінген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқ екені туралы анықтама;
5) өтінім берілген кездегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен (болған кезде) расталған анықтама;
6) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бизнес-жоспар түрінде дайындалған бизнес-жоба;
7) ескіру мерзімі 2 (екі) жылдан аспайтын, Бағдарламаның және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қараша № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;
8) кәсіпкердің атынан өтінім беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген адам паспортының көшірмесі (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған);
9) берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 %-ы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландыруды (ақшалай қаражатпен, бизнес-жобаға қатыстырылған жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының бар екені туралы банк шотынан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарын қоспағанда);
10) өтініш берушіде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу мәртебесінің болуын растайтын құжат.
Кәсіпкер Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді дайындау және құжаттарды жинау мәселелері бойынша консультациялық қолдау алу үшін Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне жүгіне алады.
21. Өтінімдерді қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімде аяқталады. Белгіленген мерзім шеңберінде келіп түскен әрбір өтінім нөмір беріліп, өтінімдерді қабылдау журналына тіркеледі, құжаттардың берілген күні мен уақыты көрсетіледі. Кәсіпкердің әрбір өтінімінде күні мен уақыты көрсетіліп, Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісінің қабылданғаны туралы белгі жасалады.
4-тарау. Конкурстық өтінімдерді қарау тәртібі
22. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі (конкурстық комиссияның жұмыс органы) кәсіпкердің құжаттарын алғаннан кейін:
1) құжаттардың толықтығын тексереді;
2) конкурс комиссиясының отырысын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар өткізеді.
23. Мемлекеттік грант алуға үміткер кәсіпкер құжаттар топтамасын толық ұсынбаған не белгіленген нысандарға сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынған жағдайда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі 2 (екі) жұмыс күні ішінде нақты кемшіліктерді көрсете отырып, ұсынылған құжаттарды кәсіпкерге 5 (бес) жұмыс күні ішінде қайта пысықтау үшін қайтарады.
24. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі барлық құжаттар мен ақпаратты алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде кәсіпкердің материалдарын конкурстық комиссияның қарауына шығарады.
25. Бюджет қаражаты болған жағдайда конкурс жылына кемінде 2 (екі) рет өткізіледі.
26. Кәсіпкер өзінің бизнес-жобасын конкурстық комиссияның отырысында таныстырады.
27. Конкурстық комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес конкурс өткізген кезде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) конкурстық іріктеуге қатысушылардың бизнес-жобаларын қарайды;
2) мемлекеттік гранттар беру мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды.
Кәсіпкерлерді іріктеу кезінде конкурстық комиссия мүшелерінің дербес дауыс беруі жөніндегі ақпарат жария етуге жатпайды.
Конкурстық комиссия өтінімдерді зерделеу кезінде Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі арқылы тиісті мемлекеттік уәкілетті органдардан, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардан өтінімде көрсетілген мәліметтердің шындыққа сәйкестігі туралы ақпаратты сұрата алады.
28. Конкурстық өтінімдерді қарау кезінде конкурстық комиссия мынадай өлшемшарттар негізінде (оның ішінде осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 4-қосымшада көрсетілген кәсіпкердің бизнес-жобасын бағалаудың өлшемшарттарын басшылыққа ала отырып) жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант берудің мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды:
1) бизнес-идеялардың жаңашылдығы (талап халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін міндетті емес);
2) бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарықтық қажеттілікті пысықтау – маркетингтік талдау);
3) бизнес-жобаның қолданысқа енгізуге дайындығы (өндірісті ұйымдастыру мәселесін пысықтау, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың, өткізу нарығының болуы, өндірісті іске қосу үшін жобаның дайындық деңгейі).
Бұл ретте, бизнес-идея жаңашылдығының өлшемшартына:
нақты елді мекенде немесе ауылдық округте бұрын өткізілмеген тауарларды шығару, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау;
нақты елді мекенде немесе ауылдық округте жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдануды көздейтін жобалар жатады.
29. Кәсіпкерге мемлекеттік грант беру/бермеу туралы шешім конкурстық комиссияның соңғы отырысы өткізілген күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік грант беру мүмкіндігінің/мүмкін еместігінің себептері көрсетіле отырып, конкурстық комиссияның хаттамасымен ресімделеді.
Конкурстық комиссияның хаттамасында әрбір қаралған жоба бойынша қысқаша түйіндеме қамтылуға тиіс.
30. Хаттамаға конкурстық комиссияның мүшелері, хатшысы қол қояды және оны конкурстық комиссияның төрағасы бекітеді.
31. Конкурстық комиссияның отырысы хаттамасының қолданылу мерзімі – конкурстық комиссияның шешімі шыққан күннен бастап 9 (тоғыз) ай.
32. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі өткізілген конкурс нәтижелері бойынша 5 (бес) жұмыс күні ішінде:
1) кәсіпкерге осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық комиссия отырысының хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге конкурстық комиссияның шешімі туралы хабарламаны;
2) қаржы агенттікке мақұлданған/бас тартылған бизнес-жобалар бойынша конкурстық комиссияның хаттамасын жібереді.
5-тарау. Мемлекеттік гранттарды беру тетігі
33. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі конкурстық комиссияның хаттамасы бекітілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде мемлекеттік грант беру туралы шартты әзірлейді және оған қаржы агенттігінің және кәсіпкердің қолын қойғызады.
34. Мемлекеттік гранттарды мемлекет Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі арқылы мемлекеттік гранттар беруге кәсіпкерлер берген өтінімдерді іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша береді.
35. Шарт жасасқаннан кейін Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі кәсіпкердің ағымдағы банктік шотына ақша қаражатын аударуды жүзеге асырады.
36. Грант қаражаты кәсіпкердің ағымдағы шотына транш негізінде аударылатын болады.
37. Бірінші траншты алу үшін кәсіпкер грант қаражатының сұралатын көлемі мен жоспарланған мақсатқа сай пайдаланылуы туралы ақпарат беруі қажет.
38. Гранттың нысаналы мақсаты осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының шарттары мен өлшемшарттарына сәйкес келген жағдайда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі транштың сұралып отырған сомасын кәсіпкердің ағымдағы шотына аударады.
39. Кәсіпкер грантты нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға және шарт талаптарын орындауға міндетті.
6-тарау. Кәсіпкердің электрондық өтінімді
«электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беру тәртібі
40. Кәсіпкер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүгінген кезде осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға конкурстық іріктеуге қатысуға электрондық өтінім толтырады және мынадай электрондық құжаттар топтамасын қоса тіркейді:
1) ескіру мерзімі 2 (екі) жылдан аспайтын, Бағдарламаның және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қараша № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;
2) кәсіпкердің ағымдағы шотында берілетін мемлекеттік грант көлемінің 10 %-ынан кем емес ақша қаражатының бар екені туралы банк шотынан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарын қоспағанда).
41. Кәсіпкер құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, ақпараттық жүйе кәсіпкердің өтінімін тіркеуден бас тартады.
42. Кәсіпкер туралы мәліметтер, оның ішінде заңды тұлғаны тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлік және (немесе) жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарлама, заңды тұлғаның/жеке кәсіпкердің қызмет түрлері туралы мәліметтер, тарату, қайта ұйымдастыру немесе банкроттық сатылары туралы, сондай-ақ қызметті тоқтату туралы мәліметтер, бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша қарыздың бар/жоқ болуы туралы мәліметтер, жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің болуы туралы мәліметтер «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде айқындалады.
43. Кәсіпкердің электрондық өтінімі ақпараттық жүйе арқылы тіркелгеннен кейін мынадай іс-әрекеттер жүзеге асырылады:
1) құжаттардың толықтығын тексеру;
2) Бағдарламаның өңiрлiк үйлестiрушiсiне тіркелген өтiнiмді толықтығы және Бағдарламаның шарттарына сәйкестiгi тұрғысына қарауға жiберу;
3) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісінің кәсіпкерден түскен өтінімді қарауы.
44. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі 2 (екі) жұмыс күні ішінде жобаны деректердің анықтығы мен Бағдарламаның шарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды. Кәсіпкер және/немесе мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдар, объектілер, деректер мен мәліметтер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі өтінім тіркелген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде кәсіпкерге жазбаша дәлелді бас тарту жібереді.
45. Егер кәсіпкердің өтінімі мемлекеттік гранттар беруге өтінімдер қабылдау мерзімі өткенге дейін мақұлданса, Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі кәсіпкердің өтінімін күту парағына орналастырады.
46. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған кәсіпкерлерден түскен өтінімдерді қарауды аяқтағаннан кейін ақпараттық жүйе арқылы «электрондық үкімет» веб-порталында өтінімді тіркеу тәртібінде кәсіпкерлердің мақұлданған өтінімдерінің тізбесі қалыптастырылады.
47. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі өтінімдер тізбесі қалыптастырылғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде:
1) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша күн тәртібін, күнін, уақытын көрсете отырып, кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия отырыстарының кестесін қалыптастырады;
2) конкурстық комиссия мүшелерін ақпараттық жүйеде авторизациялауды қамтамасыз етеді;
3) конкурстық комиссияның хатшысы мен мүшелеріне мақұлданған жобалар бойынша отырыстар кестелерін және мәлімделген жобаларды қарау және мақұлдау/мақұлдамау бойынша шешім қабылдау үшін кәсіпкердің электрондық құжаттамасының толық топтамасымен қоса хабарлама жібереді.
48. Конкурстық комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес ақпараттық жүйе арқылы мыналарды жүзеге асырады:
1) мәлімделген жобаны конкурстық комиссия отырыстарын өткізу кестесіне сәйкес ұсынылған құжаттардың анықтығы тұрғысынан қарау;
2) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 4-қосымшада көрсетілген бизнес-идеялар шеңберінде кәсіпкерді бағалау өлшемшарттарына сәйкес әрбір мәселе бойынша балдар қою әдісімен дауыс беру.
Дауыс беру қорытындылары бойынша балдар санын автоматты түрде есептеу және мәлімделген жоба бойынша қорытынды шешімді көрсету жүзеге асырылады;
3) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық комиссияның әрбiр мүшесінің дауыс беру нәтижелері мен оның қорытынды шешiмi көрсетiлген өтінімдерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия отырысының қалыптастырылған хаттамасына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою.
Егер кәсіпкердің жобасына ақпараттық жүйеде тіркелген конкурстық комиссия мүшелерінің жартысынан азы дауыс берген болса, ақпараттық жүйе хаттаманы қалыптастырудан бас тартады және Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісін конкурстың өткізілмегені туралы хабардар етеді.
49. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі өткізілмеген конкурс туралы хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде конкурстық комиссия отырысының қосымша кестесін қалыптастырады, ол туралы конкурстық комиссияның хатшысы мен мүшелеріне хабарлайды.
50. Жобаны бағалау үшін оған балл беру осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 4-қосымшада көрсетілген кәсіпкердің жобасын бағалау өлшемшарттарын негізге ала отырып жүзеге асырылады.
51. Кәсіпкердің бір жобасы бойынша конкурстық комиссияның мүшесі беретін ең жоғары балл 40 (қырық) баллды құрайды. Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатқызылатын кәсіпкерлердің бизнес-жобалары бойынша ең жоғары балл сомасы осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 4-қосымшаға сәйкес міндетті емес талаптар/өлшемшарттар бойынша балдарды шегере отырып белгіленеді.
52. Дауыс беру қорытындысы бойынша конкурстық комиссия мүшелері қойған балдар саны қосылып, конкурстық комиссияның қорытынды шешімі айқындалады.
53. Егер жоба конкурстық комиссияның дауыс берген мүшелерінің мүмкін болатын ең көп балдары сомасының 70 %-ынан астамын жинаса, жобаны конкурстық комиссия мақұлдаған болып есептеледі.
54. Конкурстық комиссия мүшелері мәлімделген жобаны қарау кезінде дискрециялық тәсілді басшылыққа ала алмайды. Жобаны қарау мерзімі 2 (екі) жұмыс күнін құрайды. Конкурстық комиссия мүшесі дауыс бермеген жағдайда, оның балы кәсіпкердің пайдасына ең жоғары сома бойынша есепке алынады.
55. Ақпараттық жүйе арқылы конкурстық комиссия отырысының хаттамасы қалыптастырылады және бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне, кәсіпкерге және қаржы агенттігіне жіберіледі.
56. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі бюджет қаражаты болған жағдайда ақпараттық жүйе арқылы өткізілген конкурстың нәтижелері бойынша:
1) конкурстық комиссия хаттамасын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде шарттың жобасын қалыптастырады және оны қаржы агенттігіне келісуге жібереді;
2) шарт жобасы қаржы агенттігімен келісілген күннен бастап кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде кәсіпкерге, қаржы агенттігіне шартқа қол қойғызуды қамтамасыз етеді.
57. Бюджет қаражатының жетіспеушілігі орын алған жағдайда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі ақпараттық жүйе арқылы кәсіпкер мен қаржы агенттігін мемлекеттік гранттар беруге шарттар жасасудың тоқтатыла тұрғаны туралы хабардар етеді.
58. Қосымша қаражат алғанға дейін Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі конкурстық комиссияның оң шешімін алған кәсіпкерлердің тізімдерін күту парағына орналастырады.
59. Конкурстық комиссия отырысы хаттамасының қолданылу мерзімі өткеннен кейін ақпараттық жүйе кәсіпкерлерді күту парағынан шығарады және бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне, кәсіпкер мен қаржы агенттігіне хабарлама жібереді.
60. Қосымша қаражат алғаннан кейін және конкурстық комиссия отырысының хаттамасы қолданыста болған жағдайда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі кәсіпкерге және қаржы агенттігіне шартқа қол қойғызуды қамтамасыз етеді.
7-тарау. Жобалардың іске асырылуын мониторингілеу
61. Осы Мемлекеттік гранттар беру қағидалары шеңберінде кәсіпкерлер жобаларының іске асырылуын мониторингілеу функцияларын жүзеге асыру үшін қаржы агенттігі кәсіпкерден барлық қажетті құжаттар мен ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және банктік құпияны құрайтын ақпаратты сұрата алады, жобаны іске асыру орнына бару арқылы мониторингті жүзеге асыра алады.
62. Мемлекеттік гранттар беру қағидалары шеңберінде жобалардың іске асырылуын мониторингілеуді кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылық қолдау бағдарламалары аланда іске асырылатын Жобаларға мониторинг жүргізу қағидалары негізінде қаржы агенттігі жүзеге асырады.
Қаржы агенттігінің функцияларына:
1) гранттың мақсатқа сай пайдаланылуын мониторингілеу;
2) грантты алған күннен бастап 1 (бір) жыл өткеннен кейін кәсіпкерлердің бизнес-жобаларды орындауы бойынша қызметін мониторингілеу;
3) кәсіпкердің жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі шарттарды орындауын мониторингілеу;
4) кәсіпкердің шарт талаптарын орындауын мониторингілеу жатады.
63. Мониторинг шеңберінде қаржы агенттігі:
1) грант алушылардың тізілімін жүргізеді;
2) кәсіпкерлер алған қаражаттың мақсатқа сай пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне кәсіпкерлердің бизнес-жобаларды іске асыруы туралы есеп береді.
64. Қаржы агенттігі кәсіпкердің грант қаражатын мақсатқа сай пайдаланбағанын не жобаның және/немесе кәсіпкердің мемлекеттік гранттар беру шарттарына және/немесе конкурстық комиссия шешіміне және/немесе шарт талаптарына сәйкес келмейтінін не кәсіпкердің жұмыс орындарының санына қол жеткізу бойынша міндеттемелерді орындамағанын анықтаған жағдайда қаржы агенттігі Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісін және конкурстық комиссияны жазбаша хабардар етеді.
Қаржы агенттігі ұсынған ақпарат негізінде конкурстық комиссия ақпаратты алған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде анықталған ескертулерді жою үшін қосымша уақыт беру не кәсіпкермен шартты бұзу туралы шешім қабылдайды, осыдан кейін өзінің шешімі туралы Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісін және қаржы агенттігін хабардар етеді.
65. Конкурстық комиссия кәсіпкермен шартты бұзу туралы шешім қабылдаған жағдайда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі мақсатқа сай пайдаланылмаған мемлекеттік грант қаражатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қайтару бойынша іс-шаралар өткізеді. Грант қаражаты бір бөлігінің мақсатқа сай пайдаланылмауы анықталған жағдайда, конкурстық комиссияның тиісті шешімі бойынша грант қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау сомасына ғана қайтару жүргізуге жол беріледі.
"Бизнестің жол картасы-2025"бизнесті қолдау мен дамытудыңмемлекеттік бағдарламасына2-қосымша
Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар үшін экономиканың басым секторларының тізбесі
ЭҚЖЖкоды
Атауы
Агроөнеркәсіптік кешен
01
01.11 "Дәнді дақылдарды (күрішті қоспағанда), бұршақты дақылдар мен майлы тұқымдарды өсіруді" қоспағанда, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы, аңшылық және осы салаларда көрсетілетін қызметтерді ұсыну
03
Балық шаруашылығы және акваөсіру
10
Тамақ өнімдерінің өндірісі
11.06
Уыт өндірісі
11.07
Минералды сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар өндірісі
Тау-кен өндіру өнеркәсібі
08.12.1
Қиыршықтас және құм карьерлерін игеру
09
Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық көрсетілетін қызметтер
Жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндіру
13
Тоқыма бұйымдарын өңдеу
14
Киім өндірісі
15
Былғарыдан жасалған және оған қатысты өнімдер өндірісі
16
Жиһаздан басқа, ағаштан және тоздан жасалған бұйымдар өндірісі; сабаннан және өруге арналған материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі
17
Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі
18
Баспа және жазылған материалдарды қалпына келтіру
20
Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі
21
Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі
22
Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі
31
Жиһаз өндірісі
Құрылыс материалдарын және өзге де металл емесминералдық өнімдер өндірісі
23
Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі
Металлургия, металл өңдеу, машина жасау
24
Металлургия өнеркәсібі
25
Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдары өндірісі
26
Компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі
27
Электр жабдықтары өндірісі
28
Басқа санаттарға қосылмаған машиналар мен жабдықтар өндірісі
29
Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер өндірісі
30
Өзге де көлік құралдары өндірісі
33
Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату
Өнеркәсіптің басқа да секторлары
32
Өзге де дайын бұйымдар өндірісі
35.11.4
Өзге де электр станцияларының электр энергиясын өндіруі
35.11.2
Гидроэлектр станцияларының электр энергиясын өндіруі
38
Қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, қалдықтарды кәдеге жарату
39
Рекультивация және қалдықтарды жою саласындағы өзге де көрсетілетін қызметтер
Көлік және қоймаға сақтау
45.2
Көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу
49.3
Құрлықта жүретін өзге де жолаушылар көлігі
49.41
Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау
50
Су көлігі
52
Қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі
53
Табиғи монополиялар саласына жататын қызметті қоспағанда, пошта және курьерлік қызмет
Туризм
55.10
Қонақүйлердің қызметтер көрсетуі
55.20
Демалыс күндеріне және қысқа мерзімді тұрудың өзге де кезеңдеріне тұрғын үй беру
55.30
Кемпинг, рекреациялық автопарктер және трейлер парктеріне арналған алаңдар
Ақпарат және байланыс
59.14
Кинофильмдер көрсету жөніндегі қызмет
61
Байланыс
62
Компьютерлік бағдарламалау, консультациялар және басқа да ілеспе көрсетілетін қызметтер
Кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет
69.2
Бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы қызмет; салық салу жөніндегі консультациялар
71
Сәулет, инженерлік ізденістер; техникалық сынақтар мен талдау саласындағы қызмет
72
Ғылыми зерттеулер және әзірлемелер
74
Өзге де кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет
75
Ветеринариялық қызмет
81
Ғимараттар мен аумақтарға қызмет көрсету саласындағы қызмет
Білім беру
85
Білім беру
Денсаулық сақтау және әлеуметтік көрсетілетін қызметтер
86
Денсаулық сақтау саласындағы қызмет
87
Тұратын жермен қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну
88
Тұратын жермен қамтамасыз етпей, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну
Өнер, ойын-сауық және демалыс
91
Кітапханалардың, архивтердің, музейлердің және басқа да мәдени қызмет көрсету мекемелерінің қызметі
93
Спорт, ұйымдастыру және ойын-сауық (дискотекаларды қоспағанда) саласындағы қызмет
Өзге де көрсетілетін қызмет түрлерін ұсыну
95
Компьютерлерді, жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеу
96.01
Тоқыма бұйымдары мен тері бұйымдарын жуу және тазалау (химиялық)
________________________
Добавлено: 
02.05.2013 - 05:00
Последние изменения: 
02.05.2013 - 05:00