"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту

"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын бекіту, "Бизнестің жол картасы 2020" іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 маусымдағы № 556 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы
Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту
130. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жекелеген жобалар үшін дара (оның ішінде бірнеше жобаларды қамтамасыз ету үшін), индустриялық аймақтар құру шеңберінде де жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған шағын және орта кәсіпкерліктің жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуді білдіреді.
131. Шағын және орта кәсіпкерлік және индустриялық аймақтар жобаларының инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
132. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторларында, ИИДМБ-да айқындалған өңдеуші өнеркәсіп салаларында, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерінде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін, сондай-ақ моноқалалардың, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлері үшін жүзеге асырылады.
Ескерту. 132-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.06.2017 № 373 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
133. Бөлінген қаражат мынадай инфрақұрылымды: су бұруды, сумен жабдықтауды (сумен жабдықтау үшін ұңғыманы бұрғылау), газдандыруды, су таратқыштарды, бу құбырларын, жылумен жабдықтауды, өнеркәсіптік алаңдарға арналған қазандықтарды, су құбырларын, теміржол тұйықтарын, теміржол кірме жолдарын, телефондандыруды, кіші электр станцияларын, электр тарату желілерін, септиктерді, бу-газ қондырғыларын, баламалы энергия көздерін салуға және реконструкциялауға жіберіледі.
134. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің объектісі аумағының шекарасына дейін жүзеге асырылады, бұл ретте кәсіпкер объектісі аумағының ішінде инфрақұрылымды жеткізуге қаражат бөлу көзделмейді.
135. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу мынадай критерийлерге сай келетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары үшін жүзеге асырылады:
1) жобаға инвестицияның көлемі 400 млн. теңгеден кем болмайды;
2) инфрақұрылым құрылысының (реконструкция) бағасы 100 млн. теңгеден кем болмайды.
136. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу критерийлеріне сай келмейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
137. Инфрақұрылымды салу (реконструкциялау) құны шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобасы құнының 50%-ынан аспауы тиіс.
138. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің Бағдарламаның 135-тармағында көрсетілген критерийлеріне сәйкес келмейтін жобаларына инфрақұрылымды жеткізу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
139. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу критерийлеріне сәйкес келетін жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қалауы бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
140. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу жергілікті бюджетінен құрылыс құнының кемінде 10%-ы көлемінде бірлесіп қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады.
141. Құрылыстың жобалау алды (техникалық-экономикалық негіздемелер) немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге байланысты шығындарды республикалық бюджеттен қаржыландыруға жол берілмейді.
142. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушілері бюджеттік заңнамаға сәйкес жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуге бюджеттік өтінімді, оның ішінде құрылатын тұрақты жұмыс орындары, бюджетке түсетін салық түсімдері, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын іске асыру қорытындысы бойынша өнімнің өндірілу көлемі туралы болжамды ақпаратты береді.
143. Жетіспейтін өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды жеткізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі инфрақұрылымды жеткізу немесе жақсарту қажеттілігінің негіздемесін қамтитын өндірістік (индустриялық) инфрақұрылым жобасын қамтамасыз ету туралы өтініммен Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісіне (Астана, Алматы қалаларының Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне) жүгінеді;
2) Бағдарламаның Жергілікті үйлестірушісі қалыптастырған іріктелген өтінімдердің тізбесі жобаларды одан әрі ӨҮК-ге шығару үшін Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне тапсырылады;
3) ӨҮК Бағдарламаға сәйкестігі тұрғысынан өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды салуды немесе реконструкциялауды қаржыландыру мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) туралы шешімдер қабылдайды;
4) ӨҮК оң шешім қабылдаған жағдайда, Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі талап етілетін құжаттарды қоса бере отырып, тиісті бюджеттік өтінімді уәкілетті органға жібереді;
5) ӨҮК теріс шешім қабылдаған жағдайда, Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне уәжделген жауап жібереді.
144. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды салу немесе реконструкциялау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.